Америка студенттері АЛЖИР-ге барып қайтты August 2, 2017

Америка студенттері АЛЖИР-ге барып қайтты

Автор: Марк Дович

Осыдан бірнеше күн бұрын Астана сыртында орналасқан Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагеріне, қысқаша АЛЖИР (Акмолинский лагерь жен изменников Родины), барып қайттық. Бір жағынан, АЛЖИР – еңбекпен түзеу лагерьлер жүйесі, қайғылы танымал “ГУЛАГ Архипелагі” аралдарының бірі. Екінші жағынан, АЛЖИР өзгелерден ерекше: ол “отан сатқындары” деп ресми аталған қуғын-сүргін құрбандардың жұбайлары, апа-қарындастары, аналары үшін салынды. Бүгін лагерь орнында оның құрбандарын еске алатын мұражай және Қасірет қақпасы деп аталатын үлкен монумент тұр.

АЛЖИР-ге жақындай бергенде, алдымен осы Қақпадан өтесіздер. Қақпадан өтіп жатып бас ию қажет, бұл – лагерь құрбандарына жасалған тағзым. Қақпадан кейін мұражай тұр. Мұражай ғимаратында бетонды жарып өскен раушан гүл және сым тордан қашып шығуға дайын тұрған көгершіндер экспонаттарына кез боласыз. Бірінші және екінші қабатта лагерьдің суреттері мен тарихи артефактары жайғасқан. Біздің гид өте оқымысты жан екен. Басында, ол тез сөйлей бастағанда, ешнәрсе түсінбеспін деп сасқалақтап қалдым. Дегенмен экскурсиямыздың едәуір бөлігін игердім. Соған өзім қатты қуандым.

ГУЛАГ лагеріне алғаш сапарым эмоциялық тұрғыдан әсерлі әрі тарихи тұрғыдан тартымды болды. Ресей тарихы пәні бойынша сабақтарында ГУЛАГ туралы білу және академиялық зерттеу жұмыстарын жасау бір бөлек. Ал лагерьге келіп, оның тарихын тұрған жерінен тану тіпті өзгеше нәрсе екен. Бұл тәжірибені сөзбен жеткізуге болмас. Астанада немесе оның маңайында болсаңыз, АЛЖИР-ге барып қайтыңыз. Оған бару жанға қатты батып тұрса да, АЛЖИР секілді тарихтың қараңғы жақтарымен жүздесу, одан сабақ алу маңызды деп есептеймін.

Жоғарыдағы мәтін автордың өз пікірін білдіреді және АҚШ павильоны мен оның демеушілерінің ресми ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.