Астанадағы ең жақсы нәрсе August 25, 2017

Астанадағы ең жақсы нәрсе

Автор: Полина Ноблок

 

АҚШ павильоны студенттерін Астанада не ұнайды деп жиі сұрайды: тағамы ма, адамдары ма, әлде ЭКСПО көрмесі ме. Сонда менің “Астанада түнде жүгіргенді жақсы көремін” деген жауабыма таң қалады. Неге дейсіз бе? Түсіндіріп көрейін.

Қазақстанға келуіме дейін екі ай қалғанда, регби ойнап, тіземді қатты ауыртып алдым. Балдақпен жүруге тура келді. Университетке барып келуім қиынға түсті. Жүре алмайтын сәбидің әрі жақ бері жағында болдым. Ең қиыны – бұл қорытынды емтихан барысында болды. Бар уақытым кітапханада, емтихан қабылдайтын бөлмеде және үйде өтетін болды. Жалығып кеттім. Балдақ керек емес болғанның өзінде қалайтын жеріме жете алмайтын халде болдым. Өз денеме өзім ие бола алмай, қатты қиналдым.

Қазір, шүкір, сауығып кеттім. Мүмкіндік болған сайын жүгіремін: әдетте жұмыстан кейін, аптасына бес рет. Астанада жүгірген жақсы: жер теп-тегіс, ЭКСПО айналасындағы жолдарда тірі жан жоқ. Кешке қарай көлікті де кездестірмейсін. Ауасы таза, күннің батқандағы көрінісі керемет: аспан алтынмен боялып, қызғылт бұлттар жүзеді. Мен күн батуының осындай көріністерін еш жерде кездестірген емеспін.

ЭКСПО жаңында жүгіретін адам аз. Дегенмен, өзен жағалауындағы триатлон бағына барсаңыз, қаладағы спорттың гүлденіп тұрғанына көзіңіз жетеді. Есіл жағасындағы жолдарды бойлай велосипедшілер, жүгірушілер көп кездеседі. Тіпті балалармен серуендеп жүрген жолаушылар да табылады. Жүгіру мен велосипедтен басқа, Астанада күрестің түр-түрлері кеңінен дамыған: дзюдо, карате, тхэквондо және т.б. Бокс, сөз жоқ, бірінші орында! Геннадий Головкин спорттың осы түрінде ұлттық символына айналған сияқты (ЭКСПО-да GGG жазуы бар бас киімін киген адамдарды көрмеген күнім болмаған шығар). Сонымен қатар, өзім көрмеген, бірақ естіген спорттың түрлері де бар. Бұл дәстүрлі “Қазақша күрес”, және өзім жақсы көретін “Көкпар” ойыны. Бұл ойын полоға ұқсайды, бірақ доптың орнына серке қолданылады.

Қазақстанда футбол ойынын да жақсы көреді. Астана мен Алматы қалаларының танымал футбол командалары бар. Мен футбол ойнауды жақсы көремін. Бірақ Қазақстанға келгелі доп тебуге бата алмадым. Тіземді тағы ауыртып аламын ба деп қорқамын. Дегенмен Астанада көп жүгіремін. Еліме қайтқанша немесе аяғымды қайырып алғанша жүгірермін. Қайсысы ерте болатынын Құдай білсін.

 

Жоғарыдағы мәтін автордың өз пікірін білдіреді және АҚШ павильоны мен оның демеушілерінің ресми ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.