Тұрарлық нәрсе July 18, 2017

Тұрарлық нәрсе

Автор: Джонатан Позер

Өткен бейсенбіде Америка павильонындағы Дженерал Электрикс компаниядан келген қонақтарды шығарып салып, мен секілді елші-студент болып жүрген достарыммен бірге Алматыға аттандым. Қыран мен бүркіттерді көру, тауға шығу және елдің бұрынғы астанасымен танысу мүмкіндігі Астанадағы бірнеше апта бойғы жұмыстан кейін жанға балдай жақты. Қалаға поезбен алматылықтармен бір купе ішінде жеттім. Олар Астанаға ЭКСПО-ны көруге келген екен. Поез жүргелі достарыммен вагон-ресторанға беттедік. Біз 22-ші вагондамыз, ресторан – 5-ші вагонда. Режиссер Кубриктің киноларындағыдай, тарсылдаған поездің тар дәліздерімен теңселіп, бір-бірімізбен соғысып өттік. Тамақтанып, шөлімізді қандырып, ерте жаттық: ертеңгі ұзақ күнге дайындауға асықтық. Жоғары орындағы ыстыққа қарамастан, тербетіліп, бірнеше сағатқа ұйықтап қалдым.

Алматыға жұма күні келдік. Алдымыздан досымыз Куини мен жүргізуші жігіт шықты. Қала жап-жасыл, ауа-райы ылғалды. Жақында жаңбыр жауған ұқсайды. Қазақстанға келгелі жазық даладан басқа еш нәрсе көрмеген мен үшін Алатаудың таулары ерекше көрінді. 12-қабатты ғимаратқа келдік. Жарық жоқ. Тірі жанның бар-жоғын түсінбейсің. Кезінде жарқырап тұрған, ескірген вестибюльде күзетшіге тап болдық. Ол бізді лифтіге отырғызды. Тұратын жеріміз 12 қабатта. 2 қабатта лифт тұрып қалды. Не істерімізді білмей, әр жерді түрткілей бастадық. Бір кезде, қалай болғанын білмеймін, Хейли лифт есігін ашып жіберді. Қараңғы дәлізге шықтық. Әр жерде құрылыс материалдар жатыр. Бұл қабатта ешкім тұрмайтын сияқты көрінді. Басқа лифт тауып алып, төменге түстік. Жанағы күзетшіге тап болдық. Ол баспалдақпен көтерілу мүмкін емес, есігі жабық, кілті менде жоқ деді. Бір уақытта кілт табылды. Көтеріліп, ғимараттың шатырына шықтық. Қаланың керемет көрінісіне тап болдық.

Біз тұрған жерде орыс тілді туристер көп болды. Ертеңіне Неллиді кездестірдік. Ол бір күн бұрын келді. Таңертеңгі асымызды ішіп, қалаға шықтық.

Көлікке отырып, Бірінші Президент паркіне бағыттадық. Келгеніміз сол екен, жаңбыр жауа бастады. Қызыл тастан қаланған баспалдақпен ірі колонналарға жеттік. Парк 180 акр жерді алады. Кіреберістегі фонтан ұнады. Артынан серуен жолдар созылып тұр, жолдардың екі жағынан ағаштар мен гүлзарлардың бойлап тұр. Жолмен келе жатып, төбедегі күркеге жеттік. Сол жерде бір топ оқушыларға кез болдық. Амандасып, қол ұстасып, суретке түстік. Біздің қай жерден келгенін, қазақтың бешбармағын дәмін көргенімізді сұрастырды.

Содан соң тамақтануға бардық. Қазақ дөңгелек үстеліне жайғастық. Айналасына көрпе, жастық төсеп қойған. Қолдан жасалған квас, лимонад іштік. Жеген лагманның дәмі әлі аузымнан кетпейді. Тамақ жеп, ұйқы сұра бастадық. Ендігі қалғаны – тауға шығу болды.

Баратын жеріміз – таудағы ірі су қоймасы, Үлкен Алматы көлі болды. Бізге бірден көлге шомылуға тыйым салынады деп ескертті. Егер кімде-кім көлге секіретін болса, жағалаудағы су қойманы күзетуші қызметкерлер оқ жаудыра бастайды деді. Көлге жету 45 минут уақыт алады екен. Екі көлікпен шықтық. Елші-студенттер Бритпен бірге минивэнге мінді. Тауға көтерілген кезде, машина жылдамдығы сағатына бірнеше километрге дейін баяулай бастады. Өзгелер шыдамдылық танытпай, бізді айналып, зуылдап озып өтіп жатыр. Бір кезде жүргізуші тоқтап, капотты ашып, ішіне үңілді. Сосын бері шығып, машина салонында бір затты іздеп ұзақ тұрды. Үш шөлмек тауып алып, өзенге барып, ыдысты сумен толтырды. Содан соң суды радиатор ішіне құйды. Бізде үн-түн жоқ. Жүргізушінің әр қимылын аңдып, қарап отырмыз. Сырттан қарағанда, дым болмаған сияқты, мәселеміз тез шешілген көрінеді. Қайтадан жолға шықтық. Бес минуттан соң қайта тоқтадық. Бұл жола жүргізуші бізден бар ыдысымызды сұрап, сумен толтыра бастады. Біз тоқтаған жерімізден шығып, аяғымызды жаздық.

Гейб ыстығын басып, суға сүңгіп алды. Хейли өзен жағасында отырып, суға үңілді. Саша мен Брит суретке түсті. Айналамыз үн-түнсіз.

Осы жерден бастап жиі-жиі тоқтау дәстүрімізге айналғандай болды. Әр тоқтаған сайын жүргізуші қайнап тұрған двигательдің үстіне литр судан құйып тұрды. Біз шығып, айналамызды тамашалап жүрдік. Ақырында бақылау-өткізу бекетіне жеттік.  Екі таудың арасындағы тар жерде орналасқан екен. Машиналар тола. Жол кеңейтілген жерде автотұрақ құрып қойды. Автотұрақ сыртынан қаланы сумен жабдықтайтын құбырды көрдік, сыртында әлемнің неше түрлі тілінде жазулар бар. Бекетте тұрып, көлігіміз көлге дейін жете ала ма ден күмәндана бастадық.

Жарты сағатта жол ашылып, қимылдай бастадық. Жүргізушіміз ауысты. Тауға жай көтеріле бастадық. Бір уақытта моторымыздың жан дауысы шығып, машинаның іші бензин иісімен толды. Көліктің ыстығын басу үшін төрт мәрте тоқтаған шығармыз. Көлге апаратын жолға жақын алаңға жеттік. Машинамызды қоя бергеніміз осы еді, капот астынан түтін шыға бастады. Бәріміз шулап, көліктен атып шықтық. Есіме түссе, әлі күлкім келеді.

Жеткен жеріміз тамаша еді. Бүкіл сыннан өтуге тұрарлық нәрсе екен. Көлдің ар жағында таудың аппақ шыңдарынан ағып, суға құйып жатқан өзендер көрінеді. Жоғарырақ көтерілдік. Жол-жөнекей демалып отырған адамдарды көрдік. Ашық жерде тамақ дайындап жатыр. Бізді көріп, алыстан амандасып, қолдарын бұлғады. Көл жағасында біраз серуендедік. Қайтатын болдық. Көлігімізге жақындасақ, жүргішіміздің екеуі де, екіншісінің бізді қалай қуып жеткенін білмеймін, машинаны жөндеп жатыр. Айналадағылар ана-мына жерді түрткілеп кеңес беріп жатыр. Қайту жолымыз жақсы болды. Төмен түсу машинамызға оңайырақ тиді.

Қайтарда көлге жақын жерде орналасқан курорт кешенінде тоқтадық. Бассейні, мейрамханасы, аң аулайтын иттер мен жыртқыш құстары бар екен. Серуендеп, кешеннің сұңқар, бүркіттерін, үкілерін көрдік. Алдында сұңқар құстың аңға шығуын көреміз деп жоспарлаған болатынбыз. Бірақ көлік сынғаннан, олардың тамақтану уақытына кешігіп қалдық. Дегенмен, жыртқыш құстарды жақыннан көрудің өзі жеткілікті болды. Сұңқар құстың темір бұғауға салынған көрінісі өзіме бір түрлі әсер берді.

Қонақүйге қайтып келдік. Шаршағанымызға қарамастан, кешкісін барға барып, сусындар ішіп, жергілікті топтың қазақ, орыс тілдерінде орындаған әндерін тамашаладық. Жақсы күніміз жайлы тәмәмданды.

Жоғарыдағы мәтін автордың өз пікірін білдіреді және АҚШ павильоны мен оның демеушілерінің ресми ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.